Алматыда көркем гимнастикадан «Жаса Отаным-2017» ашық чемпионаты өтеді 
______________________________

Қарашаның 24-і мен 26-ы күндері аралығында «Достық» спорт кешенінде көркем гимнастикадан «Жаса Отаным-2017» атты ашық чемпионат өтеді. Турнирде Қазақстаннан және шет елдерден келген 900-ге жуық спортшысы бақ сынайтын болады. 

Аталмыш жарыстың еліміздің спорттық өмірінде алар орны ерекше, сонымен қатар, жастарды спортқа, салауатты өмір салтына баулу үшін де септігін тигізері сөзсіз. 

Алғаш рет айтулы додаға Ресей спортшысы, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиаданың (2016) күміс жүлдегері, көркем гимнастикадан он үш дүркін әлем чемпионы, (2012, 2013, 2014, 2015, 2016) Еуропа чемпионы,I Еуропа ойындарының төрт дүркін чемпионы, көркем гимнастиканың ең жас, абсолюттік әлем чемпионы Яна Кудрявцева келеді. 

Айта кетер жайт, карашаның 27-сі күні, «Достық» спорт кешенінде Яна Кудрявцеваның қатысуымен шеберлік сабақ өтеді.