2018 ж. 15 наурыз күні сағ. 16:00-де Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен және Астана Суретшілер одағының «Құрмет» медалімен марапатталған суретші Мұхтар Бәкенұлы Сыздықовтың «Алтын бесік – туған жер» атты мерейтой көрмесі ашылады.
 
Мұхтар Сыздықов Павлодар облысы Қызылқоғам ауылында дүниеге келді. 1977 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін үздік аяқтаған соң, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Ленинградтағы И.Е. Репин атындағы Көркемсурет академиясына оқуға түсті. 1982 жылы көрме қызметін бастаған ол Бангладеш, Сирия, АҚШ, Чехословакия, Югославия және тағы басқа елдерде болған көптеген халықаралық көрмелерге қатысты. Оның жұмыстары Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінен басқа, Ақ Ордада және Қазақстанның, Ресейдің, Түркияның және Еуропа елдерінің жеке коллекцияларында сақтаулы. 1983 жылы Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтына оқытушылық қызметке жіберілді. Мұхтар Бәкенұлы оқытушылық қызметпен айналыса жүріп, қайталанбас көркемдік тәсілдер тауып, жеке қолтаңба қалыптастырып, өз шәкірттерінің дарынын ашуға ұмтылады. 
 
«Алтын бесік – туған жер» көрмесінің экспозициясында автордың 80-нен астам кескіндемелік және графикалық жұмыстары бар, олар – офорт, линогравюра, литография, қондығылы гравюра, кітап графикасы. Әр түрлі техникада орындалса да, бұл жұмыстардың әрқайсысы ұлттық колорит пен қайталанбас дара стильді бойына сіңірген. 
 
Көрменің кураторы – Гүлнұр Жұбанова.